Қазақстанда электрсамокаттарды пайдалану ережелерін қатаңдату мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха 2025 жылғы 11 қыркүйекте Мәжіліс кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, қазіргі заңнамадағы олқылықтар полицияға самокат мінушілердің әрекеттеріне әрдайым тиісті деңгейде жауап беруге мүмкіндік бермей отыр.

"Қазір осы маусым аясында депутаттық түзетулер енгізілетін болады. Олар заңнамадағы олқылықтарды реттеп, ережелерді самокат жүргізушілеріне де, полицейлерге де, қалған азаматтарға да түсінікті етеді. Әзірге толық айтып бере алмаймын", – деді ол.

Сонымен қатар, Лепеха нөмірлер енгізу мәселесі де қаралатынын айтты.

"Нөмірлер – талқыланып жатыр, бірақ ол мемлекеттік тіркеу болмайды… Естеріңізде болса, кикшерингілік компаниялар парктер мен тротуарларда жылдамдықты өздері шектейміз деп уәде берген, алайда, өкінішке қарай, ешқайсысы оны орындамады. Сондықтан қазір депутаттармен жұмыс тобы аясында қосымша шаралар енгізілмек. Өз еркімен жасағысы келмесе, заң жүзінде шектеу енгізуге тура келеді", – деп түйіндеді Игорь Лепеха.

Айта кетейік, 2025 жылғы 9 қыркүйекте премьер-министр Олжас Бектенов ІІМ-ге электрсамокаттар мен өзге де жеке мобильділік құралдарын пайдалану мәселелерін реттейтін заңнамалық түзетулерді жедел түрде аяқтауды тапсырған еді.