Бүгін Сенаттың жалпы отырысында "Кейбір заңнамалық актілерге инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды Inform.kz.

Заңның мақсаты — инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру және жаңа технологиялар енгізу мен Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасау.

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметіне қарағанда, осы құжат 2 Кодекске және 10 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Astana Hub халықаралық технологиялық паркі мен "Инновациялық технологиялар паркі" дербес кластерлік қорын Astana Hub дербес кластерлік қорына біріктіру аясында ұғымдық аппаратты сәйкестікке келтіру, сондай-ақ Қордың функцияларын және инновациялық қызметті қолдау құралдарын оңтайландыру бөлігінде және басқа да түзетулер енгізіледі.

Қорды қаржыландыруды жетілдіру бөлігінде мынадай түзетулер:

  • -Қордың мүлкін алымдар мен төлемдердің орнына мүшелік жарналар есебінен қалыптастыру;
  • -Қордың мүлкінен қатысушылардың ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық жұмыстарын және жобаларын жыл сайын қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді орындау аясында жер қойнауын пайдаланушы жіберген ақшаны алып тастау көзделеді.

Венчурлік нарықты дамыту мақсатында венчурлік қорларды қоса қаржыландыру жөніндегі инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну мен іске асырудың тиімділігін бағалау тетігін енгізу, сондай-ақ жеке венчурлік инвесторларды қоса қаржыландыруды болдырмау бөлігінде түзетулер енгізіледі.

Цифрлық платформаны- Ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай терезесін одан әрі дамыту шеңберінде инновациялық даму саласындағы ақпаратты беруге жауапты уәкілетті мемлекеттік органдарды айқындау жөнінде түзетулер қарастырылған.

Бұдан басқа, заңда байланыс операторларының немесе Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын байланыс желілері иелерінің статистикалық қызметті жүзеге асыру үшін абоненттер туралы иесіздендірілген деректерді мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға ұсынуына қатысты түзету көзделеді.

Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" заңына Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне (ЭҚЖЖ) сәйкес субъектілерге қызмет түрлерін дұрыс беру, сондай-ақ мемлекеттік дерекқорларда Экономикалық қызмет түрлері туралы ақпаратты көрсетудің бірегейлігі мақсатында түзету енгізіледі.

Сондай-ақ қайталанатын функцияларды болдырмау және одан әрі бюрократиядан арылту мақсатында Үкімет жанындағы Технологиялық саясат жөніндегі кеңесті тарату жөнінде түзетулер енгізіліп, оның бірқатар функциясы Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссиясына беріледі.

Кәсіпкерлік кодекске түзетулер шеңберінде осындай венчурлік қорлар активтерінің (бүкіл портфелінің) кірістілігі (залалдылығы) негізінде венчурлік қорларды қоса қаржыландыру жөніндегі инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну және іске асыру тиімділігін бағалауды жүзеге асыруға қатысты норма көзделеді.