Қарағанды әлемдегі ауасы ең лас қалалардың үштігіне енді. Бұл түйткіл жергілікті жұрт пен экологтарды алаңдатып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Күз бен қыс келсе, Қарағандының төбесіне қара бұлт үйіріледі. Қою түтінге тұмшаланған халық далаға шығудан қалған.

"Күл, түтін, көмірдің иісінен терезені жауып ұйқтауға мәжбүр боламыз. Далаға таза ауа жұту үшін емес, дүкенге бару үшін шығамыз. Желсіз күнде қамалып отырасыз", – деді Қарағанды қаласының тұрғыны Қаршыға Игенов.

"Өндіріс орындары, зауыттарға фильтр қою керек" деген сөзді бала күнімізден естіп келеміз. Қолға алу керек деп ойлаймын. Көліктерден шығатын түтінге фильтр қойса, айтарлықтай көмек көрсетуі мүмкін", – деді Қарағанды қаласының тұрғыны Айгерім Рымбек.

Қарағанды әлемдегі ауасы лас қалалардың үштігіне еніп отыр. Швейцариялық ауаны тазарту жүйелерін өндіретін ұйымның мәліметінше, шаһардағы лас ауа концентратының деңгейі 1 текше метріне 104 микрограммға жетіпті. Осылайша кеншілер қаласы Үндістанның Бирнихат пен Дели қалаларынан кейін үшінші орында тұр. Одан бөлек Бурабай қаласы 44, Теміртау 216-орында тұр. Еліміз ауа сапасы нашар 138 елдің арасында 71-орынға жайғасқан.

"Қарағанды жыл сайын көш басында жүреді. Себебі ауыр өнеркәсіптің бәрі көмір арқылы жұмыс істейді. Одан қалса үй пешін қолданатын тұрғындар жетерлік. Жел болмаса қаламыз қара түтіннің астында қалады. PM2.5 дегеніміз жанбайтын көмір қалдығы. Ол ауада қалқып жүреді. Қыс бойы сонымен тыныстаймыз", – деді эколог Дмитрий Калмыков.

Таза ауаға зар болған жұрттың қашанға дейін түтінмен тұншығып өмір сүретіні беймәлім. Себебі мәселенің жүйелі шешімі жоқ сыңайлы. Экологтардың айтуынша, тек бір амалы – жеке сектордағы тұрғын үйлерді көгілдір отынға көшіру. Алайда оған да уақыт керек.

Жанбота Бейсембайұлы, Қарағанды облысынан

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз