Ішкі істер министрлігі Маңғыстау облысында 10 адам қаза болған ірі жол апатына байланысты көлік жүргізушілеріне үндеу жасады, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ

"Ішкі істер министрлігі қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Сонымен қатар барлық жүргізуші мен тасымалдауды ұйымдастырушыларды жолда қауіпті жағдай тудырмас үшін шаршаған күйде рөлге отырмауға, көлікке артық жүк салмауға шақырамыз.

Шаршаған жүргізушінің өзі үлкен апатқа себеп болуы мүмкін", — деді ІІМ ресми өкілі – департамент бастығы Шыңғыс Алекешев.

Естеріңізге сала кетейік, 11 қыркүйекте Маңғыстау облысында жол апатынан 10 адам қаза болды.

Олардың сегізі оқиға орнында көз жұмса, тағы екі адам ауруханаға жеткізу барысында қайтыс болған. Жүргізуші мен екі жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылған.

Кейін белгілі болғандай, жолаушылар қасиетті Бекет-Атаға қажылық сапарға шыққан. Барлығы еліміздің әртүрлі өңірлерінен келген Қазақстан азаматы.

Жол-көлік оқиғасына байланысты ішкі істер министрінің тапсырмасымен жедел штаб құрылып, министр қылмыстық істің тергеу барысын бақылауына алды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз