Ақтөбеде дәрігерді ажал құштырып, денесін мұздатқышта сақтады деп айыпталған әріптесі сот алдына келді, деп хабарлайды 31 арна.

Телеарнаның хабарлауынша, қайғылы оқиға биыл мамыр айында болған. Алғашында жоғалып кеткен марқұмға туыстары іздеу салған. Арада екі күн өткен соң ақ халаттының денесі қаладағы гараждардың бірінен табылды. Күдікті ретінде оның 31 жастағы әріптесі ұсталған.

Айыптау актісіне сәйкес, ол дәрігердің жалғыз тұратынын және есепшотында қомақты қаражат барын білген, содан дәрігердің үйіне келіп, оған пышақ жарақатын салған, балтамен басынан ұрған. Көп қан жоғалтқан медицина маманы бас ми жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.

Медицина маманына қылмыстан кейін марқұмның банк картасындағы 5 млн теңгесін, планшетін, ноутбугі мен екі ұялы телефонын ұрлап әкетті деген айып тағылып отыр. Сондай-ақ прокурордың айтуынша, ол дәрігердің денесін мұздатқышта сақтап, қылмысын жасыруға тырысқан.

"Айыпталушы Ш. дәрігер А.-ның денесін жасыру мақсатында 2025 жылдың 27 мамырында шамамен сағат 10:30-да мобильді қосымша арқылы жүк тасымалдау қызметін тауып, жүргізушіге тоңазытқышты гараж кооперативіне апару керек екенін айтқан. Ішінде ет бар деп түсіндірген. Жеткізуге ақшасын қолма-қол төлеген", — деп оқыды айыптау актісін прокурор Гүлзира Көшербаева.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз