Түркістан облысында әкесін өлімші етіп ұрып-соқты деп күдікке ілінген азаматқа ғана емес, күдіктінің әйеліне де қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды облыстық полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, зейнеткердің өліміне байланысты Түркістан облысы ПД Шардара аудандық полиция басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің "Жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір ол сот санкциясымен қамауда отыр.

"Оған қоса, әйелге қатысты Қылмыстық кодекстің "Бір топ адам жасаған ұрып-соғу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау, оның ішінде қылмыстық процеске қатысушының барлығының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", — деп хабарлады Түркістан облысының полиция департаментіндегілер.

Оның нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.

Сондай-ақ департамент өкілдері жәбірленушіден немесе басқа адамдардан зорлық-зомбылық жайты туралы бұрын-соңды полицияға ешқандай мәлімдеме немесе хабарлама түспегенін хабарлады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз