Абай облысында "Damu Bala" платформасы арқылы мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталды. Өңірдегі білім беру орталығының директоры 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында анықталғандай, "SAMGAU өнер және спорт мектебі" ЖШС директоры шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру бағдарламасын пайдалана отырып, балалардың сабаққа қатысуы жөнінде жалған мәлімет берген.
Шындыққа жанаспайтын мәліметтері бар ай сайын тапсырылатын есептер негізінде уәкілетті орган тарапынан жұмыс істемейтін үйірмелерге мемлекеттік қаржы бөлініп отырған.
Есеп құжаттарында көрсетілген кей балалар шын мәнінде сабаққа қатыспаған, тіпті кейбірі өздерінің бұл бағдарламаға "қатысушы" ретінде тіркелгенінен мүлдем бейхабар болған.
Мәселен бір бала Алматы облысында тұратынына және ешбір үйірмеге қатыспайтынына қарамастан, Абай облысында бейнелеу өнері үйірмесінің қатысушысы ретінде тіркелген.
"Тергеу барысында күдікті мемлекетке келтірілген 23 млн теңге залалды толық өтеді", — делінген хабарламада.
Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз