Қазақстан Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда декларацияны ұсыну мерзімі аяқталуға шақ қалғанын еске салды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Мемлекеттік кірістер комитеті ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2024 жылға арналған 250.00 және 270.00 нысандары бойынша декларацияларды тапсыру мерзімі 2025 жылғы 15 қыркүйекте аяқталады.

"Еске саламыз, 2024 жылға арналған активтер мен міндеттемелер туралы, кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну мерзімі 2025 жылғы 15 қыркүйекте аяқталады", — дейді комитет өкілдері.

Министрлік осы орайда декларацияларды ұсыну мерзімі ұзартылмайтынын ескертті.

"Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің декларацияларды ұсыну жағдайларын қоспағанда, активтер мен міндеттемелер туралы (250.00-нысан), кірістер мен мүлік туралы (270.00-нысан) декларацияларды ұсыну мерзімі ұзартылмайды (Салық кодексінің 212-бабының 1-тармағы)", — делінген Қаржы министрлігі хабарламасында.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз