Жемқорлардың ақшасы ел азаматтарының игілігіне жұмсалуы тиіс — Президент.

Үкімет Абай облысында медициналық нысандарды салу және жабдықтау мақсатында 5,6 млрд теңге бөлінгенін хабарлады, деп жазады Сaravan.kz медиа порталы.

Қаржыландыру жемқорлардан тәркіленген арнаулы мемлекеттік қор есебінен жүзеге асады.

Ұржан ауылында көпсалалы орталық аудандық аурухананың қосымша корпусы салынады. Оны заманауи медициналық техникамен жабдықтау жоспарланып отыр. Аталмыш нысан өңір тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Тағы да осындай жоба Аягөз қаласында да жүзеге асырылып жатыр. Онда да көпсалалы аурухананың жаңа корпусы салынып жатыр. Мұнда магниттік-резонанстық томограф орнату көзделген, бұл диагностика мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтіп, науқастарды тексеру мерзімін қысқартады.

Министрліктің мәліметінше, нысандарды биылғы жылы пайдалануға беру жоспарланған. Жаңа корпустарды енгізу халықты уақтылы және сапалы медициналық қызметтермен қамтуды ұлғайтуға, сондай-ақ қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Үкімет бұған дейін Арнаулы мемлекеттік қордан 2,6 млрд теңгені Семейде психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекеме салуға бөлген. Осылайша, қор әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландырудың маңызды көзіне айналып отыр, яғни, Мемлекет басшысы атап өткендей, қайтарылған қаражат азаматтардың игілігіне жұмсалып жатыр.

Абай облысында медициналық инфрақұрылымды дамыту өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырылуда. Билік өкілдері денсаулық сақтауға инвестициялар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті экономиканы дамытуға және қоғамның мемлекеттік бастамаларға деген сенімін нығайтуға ықпал ететінін атап өтуде.

Үкімет өкілдерінің айтуынша, Арнаулы мемлекеттік қор қаражатын медициналық жобаларға салу Президенттің тапсырмасын жүзеге асырудың дәлелі.

Болашақта мұндай тәжірибе кеңейтіліп, мектептерді, әлеуметтік нысандарды және коммуналдық инфрақұрылымды салуды қамтитын болады.

Осылайша, Ұржар мен Аягөздегі жаңа жобалар Қазақстанда денсаулық сақтау саласын жаңғыртудың халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған ауқымды бағдарламасының бір бөлігіне айналады.