Қазіргі таңда оқиға орнына 22 маман мен 8 техника жұмылдырылып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында 108 киіктің өлексесі табылды. Оқиға Қайрақты өзені маңында тіркелді. Мамандардың дерегінше, қырылған жануарлардың 60-ы – аталық, 48-і – аналық. Өлекселер санитарлық талаптарға сай көмілді.
Бұл жағдай қоғамда алаңдаушылық туғызды. Себебі Қазақстандағы киік саны соңғы жылдары көбейіп, кейбір өңірлерде олардың миграциялық жолдары ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымға тікелей әсер ете бастаған. Дегенмен, табиғи себептерден болатын жаппай шығындар да назардан тыс қалмады.
Киіктер қалай қырылды?
Ақтөбе облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділкерей Әуелбаевтың айтуынша, шамамен 10 мыңдай киік Қайрақты өзеніне су ішуге келген. Өзеннің бір жағында қамыс қалың өссе, екінші жағы тар әрі тереңдеу болып қалған. Тығыз шоғырланған киіктер суға түскенде, кейбірі шыға алмай, бір-бірін таптап кеткен болуы мүмкін.
Мамандар бұл болжамды нақтылау үшін өзен суынан және жануарлардан сынама алып, зертханалық сараптама жүргізіп жатыр. Қорытындысы жақын күндері белгілі болмақ.
Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында киік мүйіздерін заңсыз сақтаған тұрғын ұсталды
Экологиялық тәуекелдер
Киіктің жаппай қырылуы Қазақстан үшін жаңалық емес. Бұған дейін де түрлі індеттер мен табиғи факторлардың салдарынан мыңдаған жануардың шығыны тіркелген. 2015 жылы Батыс Қазақстан облысында пастереллёз індетінен 200 мыңнан астам киік қырылғаны белгілі.
Бұл жолғы жағдай індетке емес, табиғи тосын жағдайға байланысты болуы ықтимал. Дегенмен сарапшылар экожүйенің әлсіздігін ескере отырып, киіктердің жаппай жиналатын орындарын алдын ала бақылау қажет екенін айтады.
Мемлекеттік органдардың әрекеті
Қазіргі таңда оқиға орнына 22 маман мен 8 техника жұмылдырылып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Экология департаменті мен ветеринария қызметі зертханалық тексерістерін жалғастыруда. Әзірге адамдарға тікелей қауіп жоқ екені айтылды.
Киіктің жаппай шығыны – тек табиғи апат қана емес, экожүйені басқару, жануарлар қозғалысын реттеу және су көздерін тиімді пайдалану мәселесін көтеретін маңызды сигнал. Сараптаманың нақты нәтижесі белгілі болған соң, мамандар мен билік тарапынан киіктің қауіпсіз миграциясын қамтамасыз ету бойынша жаңа шаралар қабылдануы тиіс.
 
                        