Алматыда жолаушыларды тасымалдау кезінде заң талаптарының сақталуын бақылауға бағытталған "Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу іс-шарасы жалғасып жатыр. Рейд барысында полиция қызметкерлері "Сайран" автовокзалы маңындағы жеке шағын автобустарды тексеруде, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы бүгін, 2025 жылғы 15 қыркүйекте қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
"Ерекше назар қалааралық және халықаралық бағыттарға аударылуда, себебі бұл бағыттарда жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзу, көлік құралдарын тиісті рұқсатсыз қайта жабдықтау, міндетті техникалық байқаудан өтпеген көлікті пайдалану, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын сақтамау секілді заң бұзушылықтар жиі тіркеледі. Рейд барысында полиция қызметкерлері тасымалдаушылардың қызметін, сондай-ақ, "Сайран" автовокзалы маңындағы жеке шағын автобустарды тексеруде",- делінген ақпаратта.
Бұл ретте, полицейлер жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзу деректері анықталып отыратындығын, олардың әрқайсысы бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылдануда екенін атап өтті.
"Жолаушылардың қауіпсіздігі – Алматы қаласы полициясының басты міндеті. Біз, әсіресе қалааралық және халықаралық бағыттарда тасымалдаушылардың қызметіне бақылауды күшейттік. Жолаушыларды тасымалдау ережелерінің бұзылуы тек қолайсыздық туғызып қоймай, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Біздің міндетіміз – мұндай заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, жолын кесу. Осылайша, қала тұрғындары мен қонақтарының өздерін қауіпсіз сезінгенін қалаймыз", – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Меңдебаев.
Бұған дейін Алматыда полицейлердің электросамокатпен патрульдеуге көшкенін жазғанбыз.
 
                        