2025 жылғы 15 қыркүйекте Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов еліміздегі жол қауіпсіздігін арттыруды тапсырды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Олжас Бектенов жол қауіпсіздігін азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін мәселе деп атады.
"Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жол апаттары мен ондағы өлім-жітім деңгейінің азайғаны байқалмайды. Бұған көбіне жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің тәртіпсіздігі, жол инфрақұрылымының кемшіліктері себеп болып отыр. Ал көп жағдайда мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуға болар еді", — деді ол.
Оның айтуынша, жаяу жүргіншілер негізінен қауіпсіз өткелдердің, жарықтандырудың және тротуарлардың жоқтығынан көз жұмады. Ол әкімдіктерге мұндай мәселелерді жедел шешуді тапсырды.
"Көлік жолдарын салу, қайта жаңғырту және күтіп-ұстау кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын Көлік министрлігіне әкімдіктермен бірге күшейтуді тапсырамын. Бұл жерде Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, жолдарды салу мен жөндеу кезінде стандарттардың қатаң сақталуын бақылау қажет. Барлық проблемалы учаскені қайта тексеріп, шара қабылдау керек", — деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар өңір әкімдіктеріне автожолдарға мал шығару мәселесі бойынша мал иелерімен жұмыс жүргізу тапсырылды.
"Тағы бір проблема – қала сыртындағы жолдардағы әлсіз мобильді байланыс. Бұл туралы бірнеше рет айтылды, бірақ нәтиже жоқ. Мысалы, "Алматы – Бішкек", "Алматы – Талдықорған" автожолдарында интернет бар болғанымен, жүргізушілер үнемі байланыс жоғалатын "өлі аймақтарға" шағымданады. Жол-көлік оқиғасы болған жағдайда зардап шеккендер көмек шақыра алмай қалады. Цифрландыру министрлігі жолдарды мобильді байланыспен қамту қарқынын арттырып, елді мекендердегі құқықбұзушылықтарды тіркейтін камералардың санын көбейтуге тиіс", — деп тапсырды Олжас Бектенов.
Сондай-ақ ол электрлі мопедтер мен самокаттарды пайдалану ережелерін қайта қарау жоспарын қолдады.
Айта кетейік, 2025 жылғы 15 қыркүйекте Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха электросамокаттарды пайдалану ережелерін қатаңдату жоспары туралы мәлімдеген еді.
 
                        