Үкімет қаулысымен Оқу-ағарту министрлігінің функциялары кеңейтілді.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Атап айтқанда, білім беру ұйымдарына қабылдаудың үлгілік қағидаларын, жалпы білім берудің барлық деңгейіндегі бағдарламаларды, сондай-ақ техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға қабылдау тәртібін бекіту министрлікке тапсырылды.
Аталған тізімге олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернаттар мен колледждер, сондай-ақ спортқа бейім дарынды балаларға арналған республикалық, облыстық және астаналық мектеп-интернаттар кірмейді.
Сонымен қатар ведомство білім беру саласындағы өзгерістер көшбасшыларын іріктеу және даярлау қағидаларын әзірлеп, бекітумен айналысады.
Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі, орта, техникалық, кәсіптік, ортадан кейінгі және қосымша білім беру жүйесінде, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау саласында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл шараларын қабылдап, мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысады.
Қаулы күшіне енді.