Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов "Дихан-Плюс" шаруа қожалығының тәжірибесі негізінде аграрлық салаға жасанды интеллектіні енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Соның нәтижесінде өнімділікті арттыратын, кәсіпорынның кірісін ұлғайтатын және бюджетке қосымша табыс әкелетін агротехникалық шешімдер әзірленді. Осы жүйені Ақмола облысындағы шаруа қожалықтарға кеңінен тарату жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа инвестиция тарту, өңдеу, агроөнеркәсіп кешені мен құрылыс саласында жаңа жобалардың қолға алынғаны жөнінде мәлімет берілді.

Мемлекет басшысына әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға баспана беру, Көкшетауда жаңа ЖЭО құрылысын салу, облыс орталығы мен басқа да елді мекендерді сумен және жылумен қамтамасыз ету, медициналық, спорттық нысандар құрылысын жүргізу, инфрақұрылымды дамыту шаралары жайында баяндалды.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Aqmola орталығына барғанын хабарлаған едік.