Алматыда бір кеште жаңбырдың жарты айлық мөлшері жауған. Қаланың жол қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Әкімдіктің мәліметінше, Алматыда 16 қыркүйекте сағат 16:00-ден бастап нөсер жаңбыр жауған.

"Қазгидромет" РМК деректері бойынша қалада бірнеше сағат ішінде 12 мм, ал тау бөктеріндегі жерлерде 15 мм жаңбыр жауған. Бұл жаңбырдың бір айлық мөлшерінің 53 пайызын құрайды (қыркүйек айындағы норма – 28 мм).

Жаңбыр салдарынан болған зардаптарды жою үшін 96 бірлік арнайы техника, 40 мотопомп, 19 ассенизатор машинасы (оның 9-ы алдын ала су басуы мүмкін жерлерге жеткізілді), 416 жол жұмысшысы, 2400 қап құм, мотопомпалармен және қажетті құрылғылармен жабдықталған 71 жедел мобильді бригада жедел іске кіріскен.

Жауын салдарынан болған зардаптарды жоюға ТЖД, РЖҚО, Алматы құтқару қызметінің күштері, сондай-ақ мердігер ұйымдар тартылған. Мердігерлерді қоспағанда барлығы 23 қызметкер, 7 бірлік техника, тіркеме және тасымалданатын мотопомпалар жұмылдырылған.

Нөсер жауынның және арық желісінің жаңбыр суына толып кетуі салдарынан қаланың жоғарғы бөлігінде автомобиль жолдарының кейбір учаскелері су астында қалған.

Ең үлкен жүктеме Аманжол көшесінде болған, мұнда жол төсемінің опырылуы салдарынан 13 автокөліктің зақым келген.

Тағы бір проблемалық учаске – Манас пен Жандосов көшелерінің қиылысындағы арық желісі су астында қалған. Негізгі себеп – асфальтталған жабын, бұл судың ағып кетуін қиындатқан. Зардаптарды жою үшін "Алматы тазалық"МКК бригадалары сол жерге барған. Олар арықты тазарту, су ағызу жұмыстарын жүргізіп, қапшықтар мен қоршаулар қойған. Арық жүйесінің одан әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін асфальт жабынын ашу жоспарлануда.

Әкімдік қазіргі уақытта жаңбыр салдарынан болған зардаптар жойылғанын, көлік қозғалысы қалпына келтірілгенін мәлімдеді. Түнгі уақытта қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 189 бірлік техника мен 180 жұмысшы кезекшілік етпек.

"Қазгидромет" РМК синоптиктерінің болжамынша, 18 қыркүйекте Алматыда кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, түнде және таңертең тұман түседі, күндіз + 16...+18 °C-қа дейін жылы болады.

19 қыркүйекте де кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз температура +16...+18 °C шамасында болады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз