Алматылық "Қайраттың" бас бапкері Рафаэль Уразбахтин УЕФА Чемпиондар лигасындағы жалпы кезеңнің бірінші матчы алдында қақпашылардың жарақатаннуына қатысты пікір білдірді. Ол қазақстандық клубқа тарихи жеңіс алып келген Темірлан Анарбековтың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды "Чемпионат" басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Қыркүйектің 18-нен 19-на қараған түні "Қайрат" УЕФА Чемпиондар лигасы жалпы кезеңіндегі алғашқы матчын өткізеді. Алматылық клуб португалиялық "Спортингпен" өзара мықтыны анықтайды. Кездесу Лиссабондағы "Жозе Алвалде" стадионында өтеді.

Маңызды матч алдында "Қайраттың" бас бапкері қақпашылар мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Еске сала кетейік, команданың бірінші қақпашысы Александр Заруцкий Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде жарақаттанып қалса, Темірлан Анарбеков "Ақтөбеге" қарсы ойында жағын сындырып алды.

"Маңызды ойындар алдында біз екі негізгі қақпашыдан айырылып қалдық. Біреуі жарақаттан кейін енді қалыпқа келіп жатыр, Анарбековтың жақ сүйектері сынып, оған ота жасалды. Қазір жағдайы жақсы, бірақ оған ұзақ уақыт оңалтудан өту керек. Ол екі айдай алаңға шықпайды. Жас қақпашы екені анық. Бірақ не істей аламыз? Бір амалын табармыз", — деді Уразбахтин.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз