Еліміздің бірнеше өңірінде, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Алматы облысында 18 қыркүйекке ауа райының күрт өзгеруіне және өрт қаупінің жоғарылауына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Қазгидромет" РМК баспасөз қызметінің мәліметінше:

Түркістан облысының солтүстігі мен таулы аймақтарында найзағай күтіледі. Жел – солтүстік-батыстан, кей жерлерде 15-20 м/с. Облыс бойынша, Шымкент пен Түркістанда өте жоғары өрт қаупі сақталады.

Алматы облысының оңтүстігі мен таулы аймақтарында кей уақытта қатты жаңбыр, күндіз бұршақ жаууы, дауыл болуы ықтимал. Батысында, оңтүстігінде және таулы аудандарында найзағай күтіледі. Түнде және таңертең тұман түседі. Жел солтүстік-шығыстан 15-20 м/с екпінмен соғады. Облыстың солтүстігі мен батысында – өте жоғары, ал орталығы мен оңтүстігінде – жоғары өрт қаупі сақталады.

Қонаев қаласында – кейде екпіні 15-20 м/с дейін жететін солтүстік-шығыс желі соғады.

Жамбыл облысының таулы аудандарында күндіз қатты жаңбыр, бұршақ, дауыл күтіледі. Облыстың батысы, солтүстігі және орталығында өте жоғары өрт қаупі сақталады.

Ақмола облысында түнде және таңертең батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде тұман түседі. Көкшетауда да түнде және таңертең тұман күтіледі.

Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында жоғары, ал батысы мен оңтүстігінде өте жоғары өрт қаупі сақталады. Орал қаласында – жоғары өрт қаупі.

Атырау облысы мен Атырау қаласында – өте жоғары өрт қаупі сақталады.

Ақтөбе облысының солтүстігінде – жоғары, ал батысы, солтүстік-шығысы мен орталығында – өте жоғары өрт қаупі.

Солтүстік Қазақстан облысының батысы, солтүстігі мен Петропавлда түнде және таңертең тұман түседі.

Шығыс Қазақстан облысының батысы, солтүстігі, оңтүстігінде және Өскемен қаласында күндіз найзағай күтіледі. Түнде және таңертең солтүстігінде – тұман. Жел – оңтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ауысады, күндіз 15-20 м/с дейін күшейеді.

Абай облысы мен Семейде – күндіз солтүстігінде, оңтүстігі мен орталығында найзағай, түнде және таңертең батысы мен солтүстігінде тұман. Жел 15-20 м/с дейін жетеді.

Қызылорда облысында 18–20 қыркүйек аралығында өте жоғары өрт қаупі сақталады.

Павлодар облысының оңтүстігінде күндіз қатты жаңбыр, бұршақ, дауыл болуы мүмкін. Батысында, оңтүстігінде, шығысында және Павлодар қаласында найзағай. Жел – солтүстік-шығыстан, кей жерлерде 15-20 м/с.

Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында түнде және таңертең тұман. Оңтүстігінде – жоғары, солтүстік-батысы мен оңтүстік-шығысында – өте жоғары өрт қаупі.

Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман. Жел – солтүстік-батыстан және солтүстіктен, күндіз оңтүстік-шығысында 15-20 м/с.

"Түнде Қостанай облысының солтүстігінде топырақ бетінде -2°C дейін үсік күтіледі. Ал оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады", – деп хабарлады синоптиктер.

Ұлытау облысында және Жезқазғанда түнде және таңертең солтүстігі, шығысы мен орталығында тұман. Оңтүстігінде өте жоғары өрт қаупі.

Қарағанды облысында таңертең және күндіз батысы, солтүстігі, шығысында найзағай, бұршақ және қатты жаңбыр күтіледі. Түнде және таңертең батысы мен солтүстігінде тұман, оңтүстігінде өте жоғары өрт қаупі сақталады.