Қазақстанда 2025 жылдың басынан бері көпбалалы отбасылар мен марапатталған аналарға 404 млрд теңгеден астам жәрдемақы төленді. Оның мөлшері мен шарттары туралы бүгін, 18 қыркүйекте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде (ЕХӘҚМ) хабарланды, деп жазады Zakon.kz.
Берілген мәліметке сәйкес, көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы бала санына қарай сараланған және биылғы жылы мынадай көлемде белгіленген:
- 4 балаға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
- 8 және одан да көп балаға – әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңгеден.
"Көпбалалы отбасыларға жәрдемақыны 4 және одан көп кәмелетке толмаған баласы бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар, олардың табысына қарамастан, ала алады", – делінген ЕХӘҚМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Министрліктің ақпараты бойынша, марапатталған аналарға ай сайынғы жәрдемақы мынадай мөлшерде белгіленген:
- "Күміс алқа" иегерлеріне – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
- "Алтын алқа" иегерлеріне, бұрын "Батыр ана" атағын алғандарға, сондай-ақ "Ана даңқы" орденінің I және II дәрежелерімен марапатталғандарға – 7,4 АЕК немесе 29 097 теңге.
"Марапатталған аналарға жәрдемақы "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлеріне, сондай-ақ "Батыр ана" атағын алған немесе "Ана даңқы" орденінің I және II дәрежелерімен марапатталған аналарға тағайындалады", – делінген ЕХӘҚМ хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері мемлекеттік жәрдемақылармен орта есеппен 855 мың адам қамтылды. Оның ішінде:
- көпбалалы отбасылар – 612 мың, жалпы сомасы 352,2 млрд теңге;
- марапатталған аналар – 243 мың, жалпы сомасы 52,1 млрд теңге.
- Ал тамыз айында аталған жәрдемақыларды жалпы саны 846,8 мың адам алды. Оның ішінде:
- көпбалалы отбасылар – 602,3 мың, жалпы сомасы 43,3 млрд теңге;
- марапатталған аналар – 244,5 мың, жалпы сомасы 6,5 млрд теңге.
"2025 жылғы 1 қаңтардан бастап бала тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 6,5%-ға ұлғайтылды", – деп атап өтті ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 17 қыркүйекте Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бала тууға және бала күтіміне байланысты жәрдемақылардың мөлшерін атаған болатын.