Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин 2025 жылғы 18 қыркүйекте Мәжілістің кулуарында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізілгеннен кейін еңбек нарығында қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Баспасөз өкілдері Анафиннен жасанды интеллект дамуы нәтижесінде жақын болашақта қандай мамандықтар жоғалуы мүмкін екенін сұрады.

"Кеңсе жұмыстары біртіндеп азая береді: бухгалтерлер, машиналық операторлар. Сонымен қатар роботизацияға байланысты – конвейер өндірісінің қызметкерлері, қаптаушылар, сондай-ақ кассирлер. Мысалы, үлкен сауда желілерінде қазір кассирлердің орнына өздігінен қызмет көрсететін кассалар енгізіліп жатыр. Болашақта бұл мамандықтар екінші планға ығысады", – деді вице-министр.

Сонымен бірге, ол жаңа технологиялар енгізілуімен қатар жаңа мамандықтар да пайда болатынын атап өтті.

Анафин сондай-ақ жаңа технологиялардың мемлекеттік аппаратқа әсері туралы айтты:

"Кейбір қызметкерлер, жасанды интеллектпен ауыстырылуы мүмкін. Министрліктерде де осындай жағдайлар болуы ықтимал", – деді ол.

Еске салсақ, бұған дейін Анафин Қазақстанда жасанды интеллектті кеңінен енгізу үшін кадр тапшылығы барын айтқан болатын.