Президент мейманға ілтипат танытып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне қатысу үшін Астанаға келгеніне ризашылық білдірді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.

Қасым-Жомарт Тоқаев "Әл-Азһар" ұстанымдары еліміздің бейбітшілік саясатына толық сай келетініне, оның бастамалары жалпы адамзат өркениетінің бірлігін нығайта түсетініне тоқталды. Мемлекет басшысының пікірінше, Астанада өтіп жатқан Съезд — Қазақстанның дінаралық келісімді нығайту жолындағы табанды саясатының көрінісі. Ал діни көшбасшылардың басқосуы — жай ғана кездесу емес, нақты шешімдер қабылданатын маңызды платформа.

Мұхаммед Абдурахман Әл-Дуайни "Әл-Азһар" университетінің Жоғарғы имамы шейх Ахмет ат-Тайебтің ізгі сәлемін жеткізіп, Съездің әлемде бейбітшілікті орнықтыруға қосқан үлесін жоғары бағалады.