Күрес түрлерінен Хорватияның Загреб қаласында өтіп жатқан әлем чемпионаты аясында әйелдер күресінен жарыстар өз мәресіне жетті. Өкінішке қарай, қазақстандық балуандар бұл додада жүлдеге қол жеткізе алмады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Биыл өткен әлем чемпионаты қазақстандық әйелдер үшін сәтсіз аяқталды. Ұлттық құрама бұл жарыста жеңіс тұғырына көтеріле алмады.
50 келіде Светлана Анкичева алғашқы белдесуінде Вон Мен Генмен (Оңтүстік Корея) кездесті. Нәтижесінде оңтүстіккорелық балуан қазақстандықты жеңіп қана қоймай, әлем чемпионы атанды. Ал Светлана қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды. Дегенмен жұбаныш белдесуінде ресейлік Элизавета Смирноваға жол берді.
Ал Зейнеп Баянова (53 келі), Лаура Алмағанбетова (57 келі), Тыныс Дүбек (62 келі), Бейбіт Сейдуәлі (68 келі) іріктеу кезеңінен өте алмады.
Өз кезегінде Виктория Хусаинова (59 келі) жарысты қарқынды бастаған еді. Ол іріктеу кезеңінде мексикалық Зельцин Эрнандес Гуэрраны 12:1 есебімен айқын басымдықпен жеңген болатын. Бірақ 1/8 финалда моңғолиялық Алтжин Тогтохқа жол берді.
Дәл солай Зульфия Яхьярова да (55 келі) 1/8 финалда сүрінді.
Ал үміт артылған балуандарымыз Жәмилә Бақбергенова мен Эльмира Сыздықова өкінішке қарай, бұл әлем біріншілігін ерте аяқтады.
Жәмилә алғашқы белдесуінде қырғыз балуаны Нурзат Нуртаеваға есе жіберді. Белдесудің алғашқы минуттарында Жәмилә есепте алда тұрған болатын. Дегенмен соңғы сәтте қарсыласының әдісіне түсіп қалды. Осылайша әлемдік рейтингте бірінші тұрған спортшымыз сенсациялық түрде жарыстан шығып қалды.
Тағы бір отандасымыз Эльмира Сыздықова жүлдеге үміткер саналған еді. Бірақ алғашқы айналымнан асу мүмкін болмады. Ол италиялық Энрике Ринальдиге жол берді. Екі бірдей көшбасшымыздың сүрінуі жанкүйерлерді қатты қынжылтты.
Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сағадиев Olympic.kz сайтына берген сұқбатында жарысты қорытындылап, әрі қарай жүзеге асыратын мақсаттары туралы айтып берді.
"Жарыс алдындағы басты мақсатымыз — әлем чемпионатында лайықты өнер көрсетіп, жүлдеге қол жеткізу еді. Көшбасшы спортшыларымыз өткен жылғы нәтижелерін жақсартады деп сендік. Әсіресе, Жәмиләдан алтын күткен болатынбыз. Өйткені ол қатарынан төрт біріншілікте үздік үштікке еніп жүр. Сондай-ақ Олимпиаданың қола жүлдегері Эльмира Сыздықова жеңіс тұғырына көтеріледі деп жоспарлағанбыз. Жәмилә енді қырғыз балуанымен алғаш рет кездесті. Жалпы, Нурзаттың қол-аяғы ұзын, дене бітімі өзгеше болғандықтан ол қолайсыз қарсылас болды. Одан бөлек Жәмиләға психологиялық тұрғыда қысым болды. Ұлттық құраманың капитаны болғандықтан, командаластарының жеңілісі Жәмиләға да ауыр тиді. Оған қоса Жәмиләның бұрыннан келе жатқан иық жарақаты бар еді. Бұл да нәтижеге әсер етті деп ойлаймын. Эльмира Сыздықоваға келер болсақ, шілде айында Poland Open турнирінде дәл осы италиялық балуанмен ақтық сында белдескен еді. Сол белдесуде Эльмира қабырға жарақатын алып қалды. Енді сол жарақаты оның әлем чемпионатына дайындалуына кедергі келтірді. Дегенмен жарақатына қарамастан, бар күшін салып күресті. Ал қалған балуан қыздарымыз үшін бұл — алғашқы әлем чемпионаты болды. Психологиялық тұрғыда қатты қысым болғандықтан оң нәтиже көрсете алмады. Ендігі басты мақсат — спортшылардың еңсесін көтеріп, алға қарай тың серпінмен дайындықты жалғастыру. Алдағы уақытта спортшыларымыз үйлеріне оралып, жеке бапкерлерімен жұмысын жалғастырады. Дайындық негізінен физикалық мүмкіндікті арттыруға бағытталады. Жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, шеберлікті шыңдау қажет. Сонымен бірге Солтүстік Корея, Үндістан, Жапония және Моңғолия балуандарымен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу жоспарланған. Сондай-ақ психологиялық тұрғыда жұмыс істейміз. Одан бөлек халықаралық күрес жарыстарын өткізу қажет секілді. Бұл спортшыларымыздың бабында балуына септігін тигізеді", — деді бас бапкер.