Жаңа редакция Еуропалық біліктілік шеңберінің қағидаттарына және қазіргі экономиканың талаптарына негізделген.
Қазақстанда енді мамандар өз біліктілігін тек дипломмен және жұмыс өтілімен ғана емес, басқа да құжаттармен растай алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Мұндай мүмкіндік жаңартылған Ұлттық біліктілік шеңберінің (ҰБШ) қабылдануына байланысты пайда болды. Жаңа редакция Еуропалық біліктілік шеңберінің қағидаттарына және қазіргі экономиканың талаптарына негізделген.
"Енді құзыреттілікті ресми растау құралы ретінде диплом мен тәжірибеден бөлек, қысқа мерзімді курстарды аяқтау туралы сертификаттар, сондай-ақ Career Enbek порталында біліктілікті растау нәтижелері де қабылданады", – делінген ресми хабарламада.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында алимент төлемеген 50 борышкер қылмыстық жауапқа тартылды
Жаңартылған ҰБШ сегіз деңгейден тұрады. Әр деңгей еңбек функцияларының күрделілігіне, жауапкершілік пен ғылымды қажетсіну дәрежесіне қарай бөлінген.
"Жаңартылған ҰБШ ашықтық және салыстырмалылық қағидаттарына негізделген. Ол әртүрлі салаларда алынған құзыреттерді мойындауға, жұмысшылардың мобильдігін жеңілдетуге, икемді біліктілік жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өмір бойы оқуды қолдап, экономиканың нақты сұраныстарына бейімделеді", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев.