Қызылорда тұрғыны үшін стоматологияға барғаны сәтсіз аяқталды. Емдеудің орнына тісін жұлып тастады, кейін ер адам ауруханаға жеткізілді. Оқиғаның мән-жайын Zakon.kz-ке Қызылорда қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Белгілі болғандай, қазақстандық тісін емдету үшін стоматологиялық клиникаға жүгініп, қызмет ақысын төлеген.
Алайда тексеру кезінде клиника дәрігері ауыз қуысы шырышты қабығының қабынуын байқап, тісті емдеуге келмейді деп шешіп, жұлып тастаған.
Сот материалдарына сәйкес, араға 2-3 сағат өткен соң ер адамның тіс орны қатты ауырып, қызуы көтерілген. Оған жедел жәрдем шақырылып, шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған.
Осыдан кейін зардап шегушінің анасы Денсаулық сақтау және фармацевтика саласындағы бақылау департаментіне шағымданған. Қосымша жоспардан тыс тексеру жүргізіліпті.
Тексеру нәтижесінде клиникадағы стоматолог денсаулық сақтау саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді бұзғаны анықталды. Стоматологиялық қызметті "Стоматолог көмекшісі" мамандығы бойынша орта медициналық білімі бар қызметкер болып шыққан.
Осыдан кейін ер адам сотқа жүгініп, орта буын медицина қызметкерінен сапасыз стоматологиялық қызмет алғанын айтып, материалдық шығын мен моральдық өтемақы талап еткен.
Дәлелдерді қарап, тараптарды тыңдаған сот талапты қанағаттандырды.
"Сот шешімімен талапкердің пайдасына 25 000 теңге материалдық шығын және 500 000 теңге моральдық өтемақы өндірілді", – делінген Қызылорда қалалық сотының хабарламасында.
Айта кетейік, бірнеше күн бұрын қазақстандықтардың стоматологиялық қызметке зейнетақы жинағының артығын пайдалану мүмкіндігі шектелетіні белгілі болған еді.