Қазақстандық файтер Қуат Хамитов Загребте (Хорватия) өткен 2025 жылғы әлем чемпионатында грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғалидың тіркеген тарихи жеңісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қуат Найман деген лақап атымен көпшілікке танымал файтер сыйақы көлеміне қатысты наразылық білдірді. Ол Қазақстан тарихындағы алғашқы алтын медаль иегеріне берілген 10 мың долларды лайықты марапат деп санамайды.
"Ер азаматымыз тарих жасады, оған ең құрымағанда футболшылар алып жүрген бір айлық жалақыны беріңдер, жарымағыр 10 мың долларды емес. Бұл – тарих! Алло! Иә, әлем чемпиондарына берілетін сыйақы туралы заңды өзгерту керек!", деп жазды Хамитов Instagram-дағы kzsports аккаунтында.
Айта кетсек, күні кеше Қазақстанға грек-рим күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионатының алтыны 26 жылдан кейін бұйырды. Бұған дейін 1999 жылы Афинада өткен әлем чемпионатында отандасымыз Мхитар Манукян (63 келі) чемпион атанған еді.