TikTok-та танымал болған "Алматы жасөспірімдері" алғаш рет "Қызық Times" бағдарламасының сахнасына қонақ болып қайтты. Бұл жолғы түсірілім ерекше болды, себебі бағдарлама тарихында алғаш рет бірден тоғыз қонақ шақырылды. Студияда жастардың бір топқа қалай жиналғаны, қалай танысқаны, шығармашылық процестерін қалай жолға қойғаны, табыстарын қалай табатыны сынды көптеген сауал қойылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бағдарлама жүргізушілері жас тиктокерлермен ашық әңгіме құрып, олардың күнделікті өміріне, шығармашылығына және табыс табу жолдарына тереңірек үңілді. Әрқайсысы өз ойларын ортаға салып, қалай контент ойлап табатынын, бейнеролик түсіру барысында қандай қиындықтарға тап болатынын және командада бір-бірімен қалай тіл табысатынын айтып берді.
Жасөспірімдерден құралған топ TikTok-тан қандай пайда түскені туралы да ағынан жарылды.
"Анама көлік әпердім", "Тиктоктың арқасында барлық курсымның ақшасын өзім төлеп, университетке оқуға түстім", "Тиктоктың арқасында Алматыда өз киім дүкенім бар", "Тиктоктың арқасында гүл сататын дүкенімді аштым", "Анама апта сайын 150 000 теңге жіберіп тұрамын", — дейді "Алматы жасөспірімдері" мүшелері.
Табысты негізінен жарнамадан табатынын жасырмаған олар, "табыс мөлшері қандай" деген сұраққа депозиттерінде 500 000 теңгеден аз ақша жатпайтынын айтып, қысқа қайырды.
Сондай-ақ жастарды аздаған сынақ күтіп тұрды. Жүргізушілер қонақтарға 90 жылдары қолданылған тұрмыстық заттар мен ойыншықтардың суреттерін көрсетіп, атауын табуды ұсынды. Бұл бөлім көрермендер үшін де, қатысушылар үшін де көңілді әрі тосын сәттерге толы болды.
Одан бөлек студияда нағыз шоу ұйымдастырылды. Жас тиктокерлер 2025 жылғы ең өзекті би трендтерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бағдарлама соңында ұлттық ойын да назардан тыс қалмады. Қонақтар қазақтың дәстүрлі "Қыз қуу" ойынын ойнап, жарысып, сахнаны думанға толтырды.
Ал финалда ерекше музыкалық сыйлық болды – Bayansulu "Ауа райы" әнімен бағдарламаны қорытындылап, көрермендерге әдемі көңіл күй сыйлады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз