Алматы әкімдігі әл-Фараби даңғылындағы "Нұр-Мүбарак" мешітіне қарсы беттегі жерүсті жүргіншілер өткеліндегі жөндеу жұмыстарына байланысты маңызды хабарлама жасады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Алматы қаласы әкімінің коммуникация және БАҚ-пен жұмыс бойынша кеңесшісі Ильзат Акчуриннің хабарлауынша, әл-Фараби даңғылы бойындағы 5 жерасты және 5 жерүсті жүргіншілер өткелінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жөндеу жұмыстарын Бостандық ауданы әкімдігі аппаратының тапсырысы бойынша мердігер ұйым – IZI Company KZ ЖШС жүргізуде. Жөндеу жұмыстары тамыз айында басталған, жыл соңына дейін толық аяқталады.
2025 жылы 7 қазанда таңертең кейбір жүргіншілердің жөндеу жұмыстары туралы ескерту плакаттары ілінген қоршауларды алып тастап, көпір арқылы өткені анықталған.
"Қазіргі уақытта өткел аумағы қайта қоршалды, нысан аумағында тәулік бойы күзет ұйымдастырылған. Мердігер ұйымға ескерту жасалып, барлық нысандағы бақылауды күшейту тапсырылды.
Құрметті алматылықтар мен қала қонақтары! Әкімдік жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына түсіністікпен қарап, уақытша қолайсыздық үшін кешірім өтінеді.
Өміріңіз бен денсаулығыңызды қауіпке тікпеңіз – қауіпсіздік ережелерін сақтауыңызды сұраймыз!" — делінген жазбада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз