Шымкент әкімдігі ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне үндеу жасап, қалада автоматтандырылған өлшеу станциялары іске қосылып жатқанын еске салды. Бұл туралы қала әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, жол инфрақұрылымын дамыту және ауыр салмақты жүк көліктерінің қозғалысын қадағалау мақсатында заманауи автоматтандырылған өлшеу станциялары іске қосылып жатыр.

2025 жылғы 15 қазаннан бастап станциялар толыққанды жұмыс істей бастайды және заңбұзушылықтар үшін айыппұл салу көзделіп отыр.

"Бұл шара жолдардың бұзылуын алдын-алуға, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ауыр салмақты көліктердің қатынауы жол жабынының мерзімінен бұрын бұзылуына әкеледі. Ендігі кезекте әрбір шамадан тыс жүктелген көлік автоматтандырылған жүйе арқылы тіркеліп, заңға сәйкес шара қолданылады", — делінген хабарламада.

Әзірге мына мекенжайларда үш станция орналасқан:

  • Шымкент – Сайрам бағыты – Жібек жолы көшесі, Мартөбе шағынауданы маңындағы мұсылман мазараты жанында;
  • Шымкент – Сайрам бағыты – Бердіқожа батыр көшесі, Қарасу өзені көпірі маңында;
  • Шымкент – Сайрам – Қарамұрт бағыты – Әмір Темір көшесінде.
Салмақ өлшеу станциясы орналасқан жер. Фото: Шымкент әкімдігі
Салмақ өлшеу станциясы орналасқан жер
Салмақ өлшеу станциясы орналасқан жер. Фото: Шымкент әкімдігі

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз