Тұрғын үй депозиті бар қазақстандықтар жыл соңына дейін салымын 786 400 теңгеге арттырса, 157 280 теңге сыйлықақы алады. Толығырақ NUR.KZ материалында.
Қазақстанда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі жұмыс істейді. Оның бір ерекшелігі – тұрғын үй салымының иелеріне негізгі сыйақыдан бөлек, мемлекеттік сыйлықақы да беріледі. Былтыр сыйлықақы 2 134 279 салымшыға төленді.
2025 жылдың соңында да қазақстандықтар 157 000 теңгеге дейін сыйлықақы ала алады. "Отбасы банк" мәліметінше, бұл жолы ең жоғарғы сома 157 280 теңге немесе 200 айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 20 пайызы.
Тұрғын үй депозитіне қосымша бұл соманы алу үшін 2025 жылдың соңына дейін оны 786 400 теңгеге, яғни сол 200 АЕК-ке толықтыру қажет.
Еске сала кетейік, тұрғын үй салымдары бойынша сыйлықақы бұрын қамтылмаған сомаға беріледі. Демек жыл бойы толықтырылған жаңа салым да, өткен жылы берілмеген қалған жинақ та есепке алынады.
Депозитті әр азамат қалауы бойынша толықтыра алады – қажетті соманы сол жерге бірден аударуға немесе оны ай сайын, тіпті апта сайын салып тұруға болады.
Айта кетейік, жыл соңына дейін депозит шотын ашқан азаматтар да мемлекеттік сыйлықақы алуға құқылы. Негізгі ереже: сыйлықақы салымшының таңдаған депозитіне ғана беріледі, яғни барлық ашық депозиттер бойынша сыйлықақы алу мүмкін емес.
Сыйлықақы қазақстандықтарға 2026 жылы беріледі.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз