Астанада бір топ кәсіпкер далада қалуы мүмкін. Олар бірнеше жылдан бері жалға алып отырған ғимараттың иесі жалдау құнын еш себепсіз екі есе өсіріп, үстінен 15 миллион теңге талап еткенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Кәсіпкерлердің айтуынша, дау шамамен бір ай бұрын басталған. Ғимарат иесі еш негізсіз 15 миллион теңге талап еткен. Ал егер бұл соманы бермесе, әр шаршы метрі үшін 12 мың теңгеден жалдау ақысын төлейсіңдер деп қыспаққа алған көрінеді. Саудагерлер мұндай шартқа келіспей, наразылық білдірген соң, олардың сауда нүктелері жабылып қалған.
"Almaty TV" телеарнасының мәліметінше, жалдау ақысының өсуі биыл наурыз айында басталған. Базар әкімшілігі әр шаршы метр үшін 6 мың теңге төлеуді талап еткен. Алайда саудагерлер оны 5 мыңға дейін түсіртіпті. Саудагерлердің айтуынша, сол кезде басшылық бағаны бірнеше жыл тұрақты ұстаймыз деп уәде берген. Бірақ арада бір жыл өтпей жатып, жалдау ақысын 12 мың теңгеге дейін көтермек болған. Кәсіпкерлердің наразылығын тудырған да – осы.
"Биыл наурызда 3 мың теңгеден төлегенбіз. Ал осы айдың ортасында 6 мың теңгеге көтергенін айтты. Біз кішкене шуладық. Бірақ сауда орны үлкендер 5 мың, ал шағын орын үшін 5 500 теңге төледік. Бір жылдың ішінде көтеру керек, ал бұл кісі тағы да бағаны көтеріп жатыр", – деді кәсіпкер Жансая Смағұлова.
Ал сауда үйінің әкімшісі кәсіпкерлердің айтқанымен келіспейтінін айтты. Сөзінше, олармен жасалған келісімшартта жалдау ақысының әр алты ай сайын өсіп отыратыны нақты көрсетілген. Ал 15 миллион теңге туралы әңгіме бірнеше ай бұрын айтылған. Ол кезде бұл сома сауда нүктелерін кәсіпкерлердің меншігіне өткізу мәселесіне байланысты қозғалған. Ал сауда орындарын жабу туралы шешімді өзі емес, ғимарат иесінің тапсырмасымен орындағанын айтты.
"Негізі 6 ай сайын, 7500 теңге. 1 қарашадан бастап көтердік. Алдын ала ескертілді. Ал 15 млн теңгеге жалға алып отырғандар сатып алса, жеке мүлікі болады, кейін сата алады", – деді сауда үйінің әкімшісі Нұржан Жорабеков.
Өз кезегінде, кәсіпкерлер олармен жасалған келісімшартты әлі күнге дейін көрмегенін айтты. Сөздерінше, ғимарат әкімшілігі бұл құжатты көрсетпеген. Ал нысан иесі керісінше, әр саудагерге келісімшарттың екінші данасы берілгенін айтып ақталды.
Бұған дейін Шымкентте ҰҚКД басшысының бұрынғы орынбасары 12 жылға сотталғанын жазғанбыз.