Бүгін, 8 қазан 2025 жылы, Мәжіліс кулуарында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жаңа Құрылыс кодексінде қарастырылған басты шектеулер туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министрдің айтуынша, Қазақстан аумағының шамамен 45 пайызы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Сондықтан жаңа Құрылыс кодексінде сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне арналған жеке тарау енгізілген.

"Біз көптеген жаңа тетіктерді қарастырдық. Соның ішінде сейсмикалық оқшаулағыш элементтерді пайдалану, сейсмикалық тәуекелді бағалау жүйесі бар. Енді әкімдіктер, әсіресе Алматы қаласы, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан барлық нысандарды паспортизациядан өткізуге міндетті. Бұл жұмыс жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады", – деді Ерсайын Нағаспаев.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, енді Алматыда кез келген жаңа құрылыс басталар алдында әкімдік Төтенше жағдайлар министрлігі әзірлейтін сейсмикалық микрозоналау картасын қолдануға міндетті болады.

"Бұл карта негізінде ғана егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына түзету енгізуге рұқсат беріледі. Ал сейсмикалық қауіпті жарықтар орналасқан аймақтарда құрылыс салуға мүлде тыйым салынады. Мұндай жерлерде көпқабатты үйлердің құрылысын шектеу көзделген", – деп түсіндірді министр.

Нагаспаевтың сөзінше, жаңа Құрылыс кодексі күшіне енгеннен кейін сейсмикалық қауіпті аймақтарда заңсыз және бақылаусыз құрылысқа жол берілмейді. Ал бұрын салынған нысандар бойынша сот процестері бөлек қаралады.

"Құжаттары дұрыс үйлерді сүру міндетті емес – алдымен оларды күшейту шаралары қолға алынады. Егер нысанды нығайту мүмкін болмаса, онда апатты және ескі үйлерді бұзу бағдарламасы аясында мәселе шешіледі", – деді министр.

Министр атап өткендей, жаңа Құрылыс кодексі – елдің құрылыс және қала құрылысы саласындағы барлық өзекті мәселелерге жауап беретін, саладағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін маңызды құжат.