Қазақстан беделді Times Higher Education World University Rankings 2026 әлемдік рейтингіне енген университеттер саны бойынша Орталық Азия мен Кавказ елдері арасында бірінші орынға шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Telegram желісіндегі арнасында мәлім етті.
Министрдің сөзінше, рейтингке еліміздің бес жоғары оқу орны енді, ал Назарбаев Университеті алғаш рет әлемдік топ-500 қатарына кірді.
"Nazarbayev University 401-500 орындар аралығына көтеріліп, бұл – қазақстандық университеттердің аталмыш рейтингтегі бүгінге дейінгі ең үздік нәтижесі болды.
Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өз орнын 1201-1500 диапазонында сақтап қалды. Рейтингке бұдан бөлек Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Satbayev University және Қазақ аграрлық зерттеу университеті енді", — дейді Саясат Нұрбек.
Жалпы биыл рейтингке Орталық Азия мен Кавказдың бес елінен 17 университет кірді – бұл өңір үшін рекордтық көрсеткіш. Оның ішінде Қазақстан – ең көп оқу орны енген мемлекет атанды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз