Ақмола облысында соңғы тоғыз айда аса қауіпті инфекциялардың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Бұл туралы өңірдің бас санитарлық дәрігері мәлімдеді. Оның айтуынша, эпидемиологиялық жағдай жалпы алғанда тұрақты, ал бірқатар аурулар бойынша көрсеткіштер біртіндеп төмендеп келеді.

Мәселен, көкжөтелге шалдығу 5,5 есе, қызылша – 4 есеге жуық, А вирусы арқылы таралатын гепатит – 2 есеге, сондай-ақ кейбір паразиттік және ішек инфекцияларының да көрсеткіштері төмендегені байқалады.

"Жыл басынан бері қызылшамен 225 жағдай тіркелді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,8 есе аз. Ауру жұқтырғандардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар. Алайда алаңдатарлық жайт – олардың 91%-ы екпе алмаған", – деді Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Серік Омарханов.

Оның айтуынша, екпе алмағандардың жартысына жуығы ата-аналарының бас тартуына байланысты вакцинацияланбаған, кейбірі – медициналық себептермен, ал өзгелері вакцина алуға жасы жетпеген балалар болған.

Сондай-ақ көкжөтел бойынша да мәлімет берілді:

"Тоғыз айда 10 жағдай тіркелді, бұл – былтырғы жылдың осы кезеңіндегі 50 жағдаймен салыстырғанда әлдеқайда аз. Барлық науқас – 14 жасқа дейінгі балалар және олардың 100%-ы вакцина алмаған", – деді дәрігер.

Айтуынша, вакцинацияны қамтуды арттыру үшін облыста профилактикалық екпелер мен "суық тізбек" (вакциналарды сақтау мен тасымалдау жүйесі) есебін цифрландыру, сондай-ақ медицина қызметкерлерін оқыту жұмыстары жүргізілуде.

Алайда, өкінішке қарай, жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) бойынша сырқаттанушылық артқан – өткен эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда 2,6%-ға өскен.

"26 қыркүйек пен 1 қазан аралығында 4 884 жағдай тіркелді, дегенмен әзірге тұмау фактілері анықталған жоқ. Біз тұмауға қарсы вакцинацияны бастап кеттік – "Гриппол+" вакцинасының 84 мың дозасы сатып алынды. Бұл – халықтың 11%-ын қамтуға мүмкіндік береді, ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кемінде 10% нормасын ұсынады", – деді Серік Омарханов.

Айта кетейік, қазіргі таңда 16 мың ақмолалық, яғни екпе алуға жататын халықтың 19%-ы вакцина алған.

Вирусқа қарсы гепатит А бойынша да оң динамика бар екенін айтты:

"Биыл 6 жағдай тіркелді, бұл – өткен жылғы 12 жағдаймен салыстырғанда 2 есе азайғанын көрсетеді. Барлық науқас – гепатит А-ға қарсы егілмеген адамдар."

Спикердің айтуынша, иммунопрофилактика (вакцинамен алдын алу) бойынша облыс жүйелі тәсілді ұстанып отыр.

"Бұл мәселелер апта сайын облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әмренованың төрағалығымен өтетін вакцинация жөніндегі облыстық штаб отырысында қаралады. Біз қалалар мен аудандар әкімдіктерімен, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының басшыларымен бірге вакцинацияны қамтуды арттыру және жағдайды бақылауға алу бойынша нақты шараларды жүзеге асырып келеміз", – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.

Бұған дейін Алматыда сарқынды суларды зерттеуге 120 млн теңге бөлінгенін жазған болатынбыз.