Қазақстанда алғаш рет автомобиль жолдарына бірыңғай жөндеу мерзімдері енгізіледі. Тиісті құжатты Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты әзірлеп жатыр. Оған сәйкес жол сапасына кепілдік мерзімі белгіленеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты "Автомобиль жолдарының конструктивтік элементтерінің, соның ішінде жол бойындағы абаттандыру нысандарының құрылыс, реконструкция, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуден кейінгі жөндеу аралық мерзімдерін белгілеу" ведомстволық нормативтерінің жобасын әзірлеп жатыр.

Құжат алғаш рет барлық жұмыс түрлері мен жол бойындағы элементтер үшін бірыңғай әрі міндетті жөндеу мерзімдерін бекітеді. Ол республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға қолданылады және барлық қатысушылар үшін міндетті болады.

Бұған дейін жол саласында бірыңғай және нақты кепілдік мерзімдері болмаған. Параметрлер әр келісімшартта жеке белгіленіп, құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыда айқын емес болған. Жоба құрылыс пен барлық жөндеу түрлерінен кейінгі жол жамылғысы мен жол бойындағы элементтерге міндетті жөндеу аралық мерзімдері мен кепілдік кезеңдерін белгілейді. Енді кепілдік мерзімін ұзартуға технологиялық тәртіп пен материалдар сапасына қойылатын талаптардың сақталғаны дәлелденген жағдайда ғана рұқсат етіледі.

"Алғаш рет жол бойындағы абаттандыру элементтерінің ұзақ қызмет ету мерзімдері бойынша нормалар енгізіледі. Мысалы бұрын бірыңғай талаптардың болмауына байланысты жиектастар жиі, жыл сайын ауыстырылатын. Енді ол үшін кепілдік мерзімі белгіленеді. Енді оларды мерзімінен бұрын ауыстыруға жол берілмейді, бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға жол ашады", — деп атап өтті "ҚазжолҒЗИ" өкілдері.

Әзірлеушілердің айтуынша, құжатты енгізу жол сапасын арттырып қана қоймай, негізсіз жөндеу жұмысының алдын алу арқылы айтарлықтай қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Болашақта бұл мердігерлерге деген сенімді арттыру мен жол саласындағы ашықтықты қамтамасыз етудің тиімді құралдарының бірі болмақ.

Көлік министрлігінің мәліметінше, құжат бекітілгеннен кейін міндетті нормативтік акт мәртебесіне ие болып, бүкіл ел бойынша жоспарлау, келісімшарттар жасау және орындалған жұмыстарды қабылдау үдерісінің негізіне айналады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз