Қыркүйекте жұмыс берушілер арасында қандай мамандықтар жоғары сұранысқа ие болды, жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақы көлемі қандай? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, қыркүйекте Enbek.kz электрондық еңбек биржасында 138,2 мың бос жұмыс орны және 130,6 мың түйіндеме жарияланған. Осылайша, тамыз айымен салыстырғанда сұраныс 42,4 пайызға (101,6 мыңға) қысқарса, ұсыныс 5,7 пайызға (7,9 мыңға) төмендеген. Әр екінші бос жұмыс орны жұмысшы мамандарға арналған.
Ең белсенді саланың бірі қайтадан білім саласы болып шыққан – онда 55 мыңнан астам бос жұмыс орны (40 пайыз) тіркелген. Тағы 16,3 мың бос жұмыс орны "басқа қызмет түрлері" (≈12 пайыз) бойынша жарияланған, ал 10 мың бос жұмыс орны денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласына (≈7 пайыз) тиесілі болған.
Қыркүйекте көбінесе орташа білікті мамандарға (57 мың бос жұмыс орны), одан кейін жоғары білікті мамандарға (49 мың), сондай-ақ біліктілігі жоқ адамдарға (32,2 мың) қажеттілік байқалған. Яғни, қыркүйекте жұмыс берушілер көбіне орташа білікті кадрларды іздеген.
Ең белсенді жұмыс берушілер Астана (11,4 мың бірлік) мен Алматы (10,2 мың бірлік) қалаларында, сондай-ақ Павлодар облысында (9,4 мың бос жұмыс орны) байқалған.
Қыркүйекте жарияланған бос жұмыс орындарының әр екіншісі (68 мың бірлік) жұмысшы мамандықтарына арналды, оның ішінде 39 пайызын (26,3 мың) нақты экономиканың кәсіпорындары ұсынған. Жұмысшы мамандықтар ішінде негізгі сұраныс өндіріс саласындағы білікті жұмысшыларға (23,5 мың), көлік және логистика саласына (5,9 мың) және білім мен тәрбие саласына (4,4 мың) түскен.
Нақты мамандықтар бойынша ең жоғары сұраныс автокөлік жүргізушілеріне (2 мың бос жұмыс орны), тәрбиеші көмекшілеріне (1,8 мың) және санитар мамандарына (1,7 мың) болған.
Қыркүйек айында жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақы көлемі бас құрылысшы қызметінде байқалған (~705 мың теңге), одан кейін шахта оқпандарын бұрғылау қондырғысының машинисі (~700 мың теңге) және өндіруші өнеркәсіптегі учаске бастығының орынбасары (~681 мың теңге) қызметтерінде тіркелген.
Ал үміткерлер сұраған ең жоғары жалақы мына лауазымдар бойынша тіркелген: коммерциялық әуе лайнерінің ұшқышы (~2,8 млн теңге), IT-сектордағы техникалық директор (1,4 млн теңге) және құрылыс саласындағы бөлім басшысы (~1,2 млн теңге).
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз