Биыл Түркістан облысында жылу беру маусымы 15 қазан мен 1 қараша аралығында басталады. Қазір өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды 24.kz.
Түркістан облысына алдағы жылыту маусымында жеке тұрғын үйлер мен жылыжайларға 594 мың тонна көмір, 20 мың литр дизель және 8 мың тонна мазут қажет. Жауаптылар жылуға қажетті отын көлемі жасақталып жатқанын жеткізді.
Қазір облыстағы теміржол тұйықтарында 94 мың тонна көмір қоры бар. Шұбаркөл көмірінің тоннасы сапасына қарай 21-25 мың теңге аралығында сатылып жатыр.
"Қыс мезгілінде күн суытқанда бір мезетте барлығы осы темір жол тұйықтарына көмір алуға келген жағдайда кезек көп болып, болмаса алыпсатарлар болуы мүмкін. Сол себепті облыс тұрғындарын және жылыжай иелерін қазірден бастап көмір отынымен қамдануға шақырамыз", — дейді облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы Марат Байкүнісов.
Жауаптылар жылыту маусымына дайындық тұрақты бақылауда екенін айтады.
"Жалпы Түркістан қаласы бойынша 422 көпқабатты үй болатын болса, соның 223 үйі біздің орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі. Жылу мекемесі 2025-2026 жылға жылытуға толығымен дайын", — дейді жылыту мекемесінің директоры Ерғазы Рыспеков.
Түркістан облысында 685 денсаулық сақтау, 1297 білім беру, 211 мәдениет, 73 спорт, 7 әлеуметтік нысан және 737 көп қабатты тұрғын үй бар. Алдағы жылыту маусымында оларға 7 кәсіпорын қызмет көрсетеді. Оның ішінде 36 жылу энергетика кешені мен 2083 автономды қазандық жұмыс істейді.
Авторлар: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз