"ҚазАвтоЖол" ҰҚ" АҚ ресми арнасында жазба жариялап, Павлодар облысында қалың қар жауғандықтан, жолға шыққан тұрғындарды абай болуға шақырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Құрметті Павлодар облысының тұрғындары! Биыл 10 қазан сағат 19:00-ден бастап облыс аумағында қалың қар түсіп, кей жерлерде боран тұрып, көріну деңгейі нашарлағаны байқалып отыр.

Осыған байланысты сіздерден алыс жолға шықпауды, жылдамдық режимін және жол қозғалысы ережелерін сақтауды сұраймыз", — делінген "ҚазАвтоЖол" ҰҚ" АҚ ресми арнасындағы хабарламада.

"ҚазАвтоЖол" мәліметінше, қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 38 бірлік кешенді жол техникасы қар тазалау және жол жабынын тайғаққа қарсы материалдармен өңдеу жұмыстарына тартылған.

"Жолда барынша мұқият әрі сақ болуларыңызды сұраймыз!", — деп қосты "ҚазАвтоЖол" өкілдері.

Сол арада Pavlodarnews.kz сайтында республикалық маңызы бар "Астана – Павлодар" бағытындағы автожол жабылғаны туралы ақпарат жарияланды.

Ауа райының қолайсыздығына, қар аралас жаңбырдың жаууына және жолдарда көктайғақтың пайда болуына байланысты облыс аумағындағы автожолдарда қозғалыстың жабылуы күтіліп отыр. Полиция жүргізушілерге ауа райының өзгерісін, SMS-хабарламаларды мұқият бақылап, жолдар жабылған жағдайда жолға шықпауға қатаң түрде кеңес береді.

"Республикалық маңызы бар "Астана – Павлодар" бағытындағы автожол жабық. Метеожағдайдың нашарлауы мен автожолдардың жабылуы туралы жедел ақпаратқа назар аудару қажет. Сонымен қатар ауылдық жерлерде тұратын тұрғындарға ауа райы қолайсыз болған күндері шалғай жерге жаяу шығудан бас тарту ұсынылады", – деді облыстық полиция департаментінің өкілдері.

Төтенше жағдайға тап болған жағдайда, бірыңғай құтқару қызметінің 112 немесе полицияның 102 нөміріне хабарласуға болады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз