Алматы қаласында полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан жарты тоннадан астам есірткі затын тәркілеп, үш ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.
Полицияның мәліметінше, есірткі қылмыстарына қарсы күрес – құқық қорғау органдары жұмысының басым бағыттарының бірі. Бұл шаралар Мемлекет басшысы жариялаған "Заң мен тәртіп" қағидаты және профилактика жылы аясында жүзеге асырылуда.
Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатовтың айтуынша, биылғы тоғыз айда мегаполис полицейлері 500-ден астам есірткіге қатысты қылмысты анықтаған.
"Заңсыз айналымнан 525 келіден астам есірткі, оның ішінде 52 келі синтетикалық зат және 3 тоннадан астам прекурсор алынды. Сонымен қатар 255 миллион теңгеден астам заңсыз табыс мемлекет кірісіне өткізілді", – деді ол.
Сонымен бірге полиция қызметкерлері екі есірткі зертханасын жойып, есірткі саудасына қатысы бар үш ұйымдасқан топтың әрекетін әшкерелеген.
Қуатбек Науатовтың айтуынша, есірткі айналымына қарсы іс-қимылда заманауи цифрлық технологиялар белсенді қолданылып жатыр. Ұлттық банк пен Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлескен жұмыстар нәтижесінде биыл 1,5 мың отандық және 5 мыңнан астам шетелдік банк картасы, сондай-ақ 312 криптоәмиян бұғатталған. 68 миллион теңге көлеміндегі күдікті қаржы операциялары тоқтатылып, 2200 интернет-ресурс, оның ішінде 27 Telegram-арна бұғатталған.
Сонымен қатар қала мектептері мен жоғары оқу орындарында, жастар ұйымдары мен жергілікті билік өкілдерінің қатысуымен 700-ден астам кездесу, акция және түсіндіру іс-шаралары өткізілді. Есірткі жарнамасы бар граффитилер жойылып, әлеуметтік бейнероликтер мен хабарламалар тұрақты түрде көрсетілуде.
"Есірткіге қарсы күрес – тек полицияның міндеті емес, бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Ата-аналардан бастап мұғалімдер, БАҚ және бизнес өкілдеріне дейін бәрі қатысуы қажет. Тек бірлескен әрекет арқылы ғана біз жастарды есірткі қауіпінен қорғай аламыз", – деп атап өтті Қуатбек Науатов.
Оның айтуынша, полицияның басты мақсаты – жазалау емес, алдын алу және түсіндіру жұмыстарын күшейту.