Қарағанды қаласында бес жасөспірімге жарты жылдан астам уақыт бұрын жасалған топтық зорлық фактісі бойынша күдік келтіріліп отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.
Журналист Айнұр Балакешеваның дерегінше, колледжде оқитын кәмелетке толмаған студент қыз құрбысымен бірге түнгі клубқа барған. Алайда кейін бейтаныс пәтерде бірнеше жігіттің ортасында оянған. Бұл туралы ата-анасы қыздарының жалаңаш күйіндегі бейнесі WhatsApp желісі арқылы тарала бастағанда бір-ақ білген.
"Сөйтсе, сол жігіттердің бірі қыздың дәрменсіз күйде жатқан сәтін видеоға түсіріп алған екен", – делінген жарияланымда.
Қыздың ата-анасы Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне арызданған.
"Алғашында үш күдікті оқшаулау изоляторына қамалды. Ал қалған екеуіне ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ – олар бостандықта қалды", – дейді студент қыздың әкесі.
Арада алты ай өткеннен кейін, оқшаулауда отырған үш жігіт те босатылды. Оған себеп ретінде қамауда ұстау мерзімінің өтіп кетуі көрсетілген. Қазір бұл істі Қарағанды облыстық Полиция департаменті тергеп жатыр. Іс жетінші ай бойы тергелуде.
Қыздың әкесі оқиғаның басқа да жайттарын жария етті. Оның айтуынша, пәтердегі кешті ұйымдастырушы – жәбірленушінің құрбысы бұл іске айыпталушы немесе сыбайлас ретінде тартылмаған. Оның өзіне ешкім тиіспеген. Одан бөлек, сол түннен кейін оның банктік картасына сол пәтерде болған жігіттердің бірі қомақты сомада ақша аударған.
Әкесі бұл ақшаның құрбысына үнсіз қалуы үшін берілген "ауыз бастырық" болуы мүмкін деп топшылайды.
Сондай-ақ жәбірленушінің туыстары біреулер Damumed электронды жүйесі арқылы қыздың медициналық деректеріне заңсыз қол жеткізгенін анықтаған.
"Мүмкін, дәрігерлердің қорытындысын бақылап, тергеуге қысым жасағысы келген болар", – деп болжайды қыздың әкесі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от Айнур Балакешова (@patriotkaragandy)
Қазір жәбірленуші психологиялық терапиядан өтіп жатыр, қалыпты өмірге оралуға тырысуда. Енді алда оны сот процесі күтіп тұр.
Бұған дейін Ақсуда жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде үйінді астында қалып кеткен ер адам құтқарылғанын жазғанбыз.