Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2025 жылғы 13 қазанда өткен медициналық туризмді дамыту жөніндегі халықаралық конференцияда Қазақстандағы медициналық қызметтердің құны туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, Қазақстан кез келген медициналық қызметтің қолжетімділігі бойынша бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп отыр.
"Біз әлемдік деңгейдегі медициналық қызметтерді қолжетімді бағада және ұзақ күтусіз ұсынамыз. Диагностиканың көптеген түрлеріне (КТ, МРТ, ангиография) баға АҚШ пен Батыс Еуропа елдеріндегі көрсеткіштен 5–10 есе төмен", – деді Ақмарал Әлназарова.
Сондай-ақ ол қазақстандық клиникалардағы күрделі операциялардың да өзге елдерге қарағанда әлдеқайда арзан екенін атап өтті.
"Мысалы, қан тамырларын стенттеу Израиль, Оңтүстік Корея және Германия клиникаларындағыдан 2–3 есе төмен бағамен жасалады", – деп толықтырды министр.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда ашық жүрекке жасалатын операциялар жиілей түскен.