Қаржылық мониторинг агенттігі интернет-алаяқтық пен есірткі саудасынан түскен қаражатты жылыстатуға қатысқан 130 заңсыз криптобиржаны жойды. Тергеп-тексеру нәтижесінде 16,7 млн USDT-ке тыйым салынды.

Мамандардың түсіндіруінше, киберқылмыскерлер ақшаны банк шоттарына немесе криптовалюта әмияндарына аударады. Кейін бұл қаражат арнайы транзакциялар тізбегі арқылы конвертацияланып, шыққан көзін жасырады. Мұндай операцияларды жүзеге асыру үшін көбіне дропперлердің банк карталары мен әмияндары пайдаланылады.

Нәтижесінде заңсыз криптоайырбастау платформалары көлеңкелі қаржы операцияларына белсенді қатысып, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру және шетелге шығару арқылы "кәсіби жылыстатушылар" ретінде әрекет етеді.

Агенттік азаматтарға цифрлық активтерді айырбастау кезінде сенімді және жауапты тәсілмен әрекет ету қажеттігін ескертеді. Айырбас қызметтерін тек заң аясында жұмыс істейтін, ресми тіркелген және лицензияланған провайдерлер арқылы жүзеге асыру ұсынылады.

Лицензиясы бар криптобиржалардың толық тізімін АХҚО-ның ресми сайтынан қарауға болады: https://publicreg.myafsa.com/.

Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз схемаларға қатысудың қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Бұл шаралар азаматтарды алаяқтықтан қорғауға және қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.