2025 жылғы 15 қазанда өткен Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов балалар тәрбиесі мәселесін көтерді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Депутаттың айтуынша, бала тәрбиесіне теріс әсер ететін факторлардың бірі – қоғамда дөрекілік пен арсыздықтың насихатталуы, әсіресе кино мен әлеуметтік желілер арқылы.
"Егер біз өзіміз фильмдер арқылы дөрекілік, төмендік, арсыздықты насихаттасақ... Онсыз да әлеуметтік желілерде мұндай нәрсе өршіп тұр. Ал біз оған қоса сондай фильмдерді көрсетеміз. Осы фильмдерге мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінеді ме? Егер бөлінсе – бұл нағыз апат. Бұл мәселеге тіпті Мемлекет басшысы да алаңдаушылық білдірді. Бүгінде кішкентай балалардың өзі бесіктен белі шықпай жатып, балағат сөздер айтады, сөзін сүзгіден өткізбейді. Бұрын мұндай болған емес. Не істеуіміз керек? – деді Бексұлтанов.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл мәселелер бүгін Мәжілісте қаралып жатқан "Құқықбұзушылықтардың профилактикасы туралы" заң жобасының аясында қамтылғанын айтты.
"Бұл бағытта жұмыс істеу керек, тәрбие жұмыстары жүргізілуі қажет. Бұл тек құқық қорғау органдарының немесе Мәдениет министрлігінің ғана міндеті емес, бұл – тұтас қоғамның мәселесі. Қолымызда құралдар бар, өз тарапымыздан барлық шараларды қолданамыз, айыппұлдар енгізіліп жатыр. Мұнда жүйелі жұмыс қажет", – деп жауап берді министр.
Бұған дейін ШҚО-да былапыт сөздерді қарша жаудыртқан ауыл әкімі халықтан кешірім сұрағанын жазған болатынбыз.