Қарағандыда техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл шешім апаттың салдарын жою үшін емес, оның алдын алу үшін қабылданған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Әкімдік мәліметінше, Қарағанды қаласында Федоров су қоймасы аумағында орналасқан №10 кәріз коллекторының бір бөлігіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. "Қарағанды су" ЖШС өкілдері №145 пен №169 құдықтарының арасындағы 3,2 шақырым құбыр ауыстырылатынын мәлімдеді.

Коллектордың бір бөлігі саяжайлар астымен өтеді, дәл осы тұста ақау анықталған. Су басу және апаттың алдын алу үшін саяжай аумағын айналып өтетін жаңа айналма желі салынады. Бұл шешім жеке жер телімдеріне тимей жұмыс істеуге және жүйенің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазір коллектор қалыпты жұмыс істеп тұр. Дегенмен нөсер жауын мен қар еріген кезде апат қаупі жоғарылайды. Мамандар нысанның жағдайын тұрақты түрде бақылап отыр, ешқандай опырылу немесе су шығу жағдайлары тіркелмеген.

Жұмыстарды тезірек бастау үшін қалада техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді.

"Бұл шешім апаттың салдарынан емес, оның алдын алу үшін қабылданған. Арнайы режим арқылы материалдарды жедел сатып алып, құрылыс жұмыстарын ұзақ келісімдерсіз бастауға мүмкіндік туады", — делінген хабарламада.

Барлық негізгі жұмыс пен материалды жеткізу биыл жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл шаралар апатты жағдайлардың алдын алып, Қарағанды қаласының кәріз жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз