Ғалымдар Қазақстанның ең ежелгі тұрғындарының ДНҚ-сын зерттеді. Адам сүйектері Абай облысынан табылған. Зерттеуді бірнеше елдің ғалымдары жүргізген. Оның нәтижесі Science Advances журналында жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Мақала 15 қазанда жарық көрді. Ғалымдар Абай облысындағы көне Көкен тұрағынан табылған адам сүйектерін зерттеді. Барлығы 21 адамның сүйегі табылды, олардың 19-ы қола дәуіріне, екеуі ерте неолитке жатады.

Бұл екі адамның сүйектері қазіргі уақытта біздің елде табылғандардың ішінде ең көнесі болып саналады, олардың жасы шамамен 7500 жыл деп бағаланады.

Сүйектер бір жерде жерленген, олар ағайындылар немесе біріне-бірі ағасы мен жиені болуы мүмкін деп топшыланып отыр. Бұл олардың туыстық дәрежесінен көрінеді. Ғалымдар екеуі де жастай көз жұмғанын анықтады: бірі жасөспірім кезінде, екіншісі енді есейген шағында.

Зерттеушілердің пайымдауынша, жақын генеалогиялық байланыс адамдардың қалай және кіммен жерленуінде туыстық қатынастың маңызды рөл атқарғанын көрсетуі мүмкін.

Ғалымдардың сөзінше, көне геномдарға қол жеткізу шектеулі болғандықтан ішкі Азияның, әсіресе шығыс Қазақстандағы біздің дәуірге дейінгі аңшы-терімшілердің генетикалық тарихы толық емес.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз