Астанада өткен Азаматтық форумда Мәжіліс депутаты, "Amanat" партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Қазақстан экономикасының тұрақты өсім көрсетіп отырғанын және әлеуметтік міндеттемелердің толық орындалып жатқанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Депутаттың айтуынша, 2024 жылы ел бюджетінің кірістері 44 миллиард АҚШ долларынан асқан, бұл Өзбекстанмен салыстырғанда бір жарым есе, ал Қырғызстаннан он есе көп.

"Қазақстанның бюджеті әлеуметтік бағытқа негізделген. Шығыстардың 60 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалады. Зейнетақы мен жәрдемақыны индекстеуге арналған шығындар жыл сайын шамамен бір триллион теңгеге артып келеді", – деді Бейсенбаев.

Оның сөзінше, жыл басынан бері елдің халықаралық резервтері 20 пайызға өсіп, 52,2 миллиард долларға жеткен. Ал Ұлттық қордағы қаражат көлемі 64 миллиард долларды құрап отыр.

"Бұл шамамен елдің үш жылдық бюджетіне тең. Бүгінде әлемде бар болғаны 57 елде ғана ұлттық қор бар", – деп нақтылады депутат.

Сондай-ақ ол мемлекеттік қарызды шектеу бағытындағы саясаттың тиімділігін атап өтті.

"Өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қарыз ІЖӨ-нің 25,3 пайызын құрады. Бұл көрсеткіш Өзбекстан мен Қырғызстанда әлдеқайда жоғары", – деді ол.

Бейсенбаевтың мәліметінше, 2029 жылға дейін ІЖӨ көлемін екі есеге арттырып, 450 миллиард долларға жеткізу жоспарланып отыр. Ал биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі 6,3 пайыз болған. Сарапшылар жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 6,5 пайызға жетеді деп болжайды.

Халықаралық бағалауларға сәйкес, Қазақстанда жан басына шаққандағы ІЖӨ шамамен 14 мың долларды құрайды.

Сонымен қатар депутат инфрақұрылым мен транзиттік әлеуеттің белсенді дамып келе жатқанын айтты.

"2024 жылы ел бойынша құрылыс жұмыстары рекордтық 12 мың шақырым жолды қамтыды. Бұл республикалық жолдардың 93 пайызын, жергілікті жолдардың 89 пайызын нормативтік жағдайға жеткізуге мүмкіндік берді", – деді Бейсенбаев.

Сондай-ақ ол жаңа Бюджет кодексінің қабылдануы бюджет процесінің ашықтығы мен жауапкершілігін арттырғанын, ал Ұлттық қордан берілетін мақсатты трансферттердің тек маңызды инфрақұрылым жобаларына бағытталатынын атап өтті.

"Бұл жетістіктер – Президент бастамасымен жүзеге асқан экономиканы ырықтандыру және әртараптандыру реформаларының нәтижесі", – деп түйіндеді Елнұр Бейсенбаев.