Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова 16 қазанда Қазақстан-Ресей шекарасында жүк көліктерінің жиналып қалуына байланысты жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Соңғы уақытта БАҚ-та Ресей мен Қазақстан шекарасында жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі пайда болғаны туралы ақпарат тараған. Кей деректерге қарағанда, Қытайдан Қазақстан мен Қырғызстан арқылы өткен 7 мыңға жуық жүк көлігі, шамамен 77 мың тонна жүкпен, Ресей шекарасында бір айдан бері тұр.
"Қазақстан – біздің стратегиялық әріптесіміз және Орталық Азиядағы басты одақтасымыз. Біздің елдер арасындағы шекара — әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара. Сондықтан екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – қауіпсіз және сенімді жүк транзитін қамтамасыз ететін бірыңғай еуразиялық көлік-логистикалық инфрақұрылым құру", — деді Захарова өз мәлімдемесінде.
Оның айтуынша, тараптар трансшекаралық инфрақұрылымды жақсартуға, оның ішінде өткізу пункттерін жаңғырту мен жетілдіруге ерекше көңіл бөледі.
"Осы жағдайда Ресей Сыртқы істер министрлігі екі ел шекарасындағы өткізу жүйесінің жұмысына қатысты кез келген қиындық туралы ақпаратты мұқият қадағалап, дипломатиялық арналар арқылы жедел әрекет етеді. Біздегі мәлімет бойынша, жүк көліктерінің басым бөлігі Қазақстан аумағындағы халықаралық өткізу бекеттеріне жақын тұрақтарда тұр және жүк жөнелтуші компаниялардың "арнайы нұсқауларын" күтіп, шекараны кесіп өтпей отыр.
Кейбіреулер Ресейдің Кеден қызметі мобильді топтарының тексерістерін күшейтті деп айтып жүр. Алайда біздің кеден органдарының барлық іс-шаралары қатаң регламентке сай жүргізіліп, тек Ресей Федерациясының экономикалық мүдделерін, азаматтардың өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ елге әкелінетін тауарлар тұтынушыларының құқықтарын қорғауға бағытталған.
Біз адал сыртқы экономикалық қатысушылар үшін өзара сауда аясында жүк қозғалысына ешқандай кедергі жоқ екенін растай аламыз", — деді Захарова.
Бұған дейін Қазақстанның Көлік министрлігі де шекарада жүк көліктерінің жиналып қалуына қатысты түсініктеме берген болатын. Ведомство мәліметінше, кезектер мен кідірістер Ресей тарапының бақылау шараларын қатаңдатуымен байланысты: жүктің тексеру рәсімдері күшейтілген, көліктерді қарау уақыты ұзартылған, сондай-ақ құжаттарды және санитарлық, фитосанитарлық талаптардың сақталуын тексеру күшейтілген.
Сонымен қатар Ресейдің Кеден қызметінің ресми ақпаратына сай, өткізу бекеттері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, ал бақылау пункттерінде тығын немесе тоқтап қалған көлік тіркелмеген.