Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, бейбіт күннің батырларына шынайы алғыс білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президент азаматтық қорғау саласының ел үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
"Конституциямыздың алғашқы бабында "Адам және адамның өмірі – мемлекеттің ең қымбат қазынасы" екені анық көрсетілген. Азаматтық қорғау саласының әр қызметкері ел қауіпсіздігі мен азаматтарымыздың амандығы үшін қажырлы еңбек етуде. Құтқарушы болу – кез келген төтенше жағдайға дайын тұру, қауіп-қатерге қарамастан адам өміріне араша түсу деген сөз. Бұл – абыройлы әрі жауапты қызмет. Халқымыз өздеріңіз сияқты батыл, ержүрек және отаншыл азаматтарды әрдайым мақтан тұтады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары елде орын алған табиғи апаттардың ең ауыр салмағы құтқарушыларға түскенін атап өтті.
"Былтыр алапат су тасқыны кезінде сіздер мыңдаған адамды қауіпсіз жерге көшіріп, олардың өмірін сақтап қалдыңыздар. Қостанай мен Семейде және өзге де өңірлерде болған орман өрттерімен күресте үлкен ерлік көрсеттіңіздер. Мен де төтенше жағдай болған аймақтарға барып, сіздердің ерлікке пара-пар еңбектеріңізді өз көзіммен көрдім", – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, соңғы бес жылда қазақстандық құтқарушылар 225 мыңнан астам адамның өмірін сақтап қалған. Сонымен қатар, олар шетелдегі гуманитарлық миссияларға қатысып, кәсіби шеберлігі жоғары маман ретінде еліміздің халықаралық беделін арттыруға үлес қосқан.
"Бүгін мен еліміздегі барлық құтқарушыларға тағы да зор алғысымды білдіремін", – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.