Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында басқарма басшысы Марат Пашимовтың төрағалығымен медициналық ұйымдар мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері, сондай-ақ әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандары қатысқан кеңес өтті.
Жиында 2025 жылдың тоғыз айындағы вакцинациялау қорытындылары, балалар арасында инфекциялық аурулардың көбеюі, және зертханалық қызмет сапасын арттыру мәселелері қаралды.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова балалар мен жасөспірімдерді жоспарлы вакцинамен қамту деңгейі сақталып отырғанын атап өтті. Алайда ол жеке клиникалардың тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде (ТМККК) өз міндеттемелерін толық орындамай отырғанына назар аударды.
Кеңесте адам папилломавирусына (АПВ) қарсы вакцинацияға ерекше көңіл бөлінді. Бұл бағытта білім басқармасымен бірлескен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту ұсынылды.
Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Ержан Сералиннің айтуынша, биыл желшешекпен сырқаттанушылық 38,8%-ға артқан. Ең көп науқастар – мектепке дейінгі және бастауыш жастағы балалар (61,7%). Варикеллаға қарсы вакцина Ұлттық егу күнтізбесіне енбегендіктен, ұжымдық иммунитет табиғи жолмен ғана қалыптасып отыр.
Сонымен қатар, жедел тыныс алу жеткіліксіздігі, пневмония, және ішек инфекциясы сияқты ауыр жағдаймен ауруханаға түскен балалар саны артқаны айтылды. Кейбір науқастардың дер кезінде дәрігерге жүгінбеуі емдеуді қиындатып отыр.
Кеңес барысында зертханалық қызмет сапасы, санитарлық тәртіпті сақтау, "Таза Қазақстан" акциясына қатысу және Республика күнін мерекелеуге дайындық мәселелері де талқыланды.
Марат Пашимов денсаулық сақтау жүйесінің негізгі басымдығы — профилактикалық бағытты дамыту мен медициналық қызмет сапасын арттыру екенін атап өтті.