Абай облысының Жаңасемей ауданында гараж ұрлығына қатысты қылмыстық іс ашылды, деп хабарлайды Zakon.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Аудандық полиция бөліміне 52 жастағы жергілікті тұрғын үйінің аумағындағы гараждан ұрлық жасалғаны туралы арызбен жүгінді. Оның айтуынша, белгісіз адам есігі ашық тұрған гаражға заңсыз кіріп, екі дәнекерлеу аппаратын, электрлі велосипед пен қарапайым велосипедті ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын көлемі — 175 мың теңге.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында учаскелік полиция инспекторлары күдіктінің ізіне түсіп, Новобаженово ауылының 49 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Ол өз кінәсін мойындап, ұрланған мүлік тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Полиция тұрғындарға сақ болуды ескертті. Кейінгі уақытта ашық қалған аулалар мен гараждарда сақталған мүлік жиі ұрланып жүр.
Тәртіп сақшыларының кеңесі:
- Үйлер мен гараждардың есігін үнемі мықтап жабыңыз;
- Мүмкіндік болса, бейнебақылау жүйесін орнатыңыз;
- Күдікті әрекеттерді байқасаңыз, дереу 102 нөміріне хабарлаңыз.