Кеше, 17 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп украиналық әріптесі Владимир Зеленскийді Ақ үйде қабылдады. Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – Киевке "Томагавк" қанатты зымыран жүйесін сату мүмкіндігі, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.

Келіссөз АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп тұрған кезеңде өтті. Ақ үйдегі бұл кездесу Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің ұзақ телефон арқылы сөйлескенінен бір күн өткен соң ұйымдастырылып отыр.

Соңғы күндері Дональд Трамп Мәскеудің ескертулеріне қарамастан, Украинаға ұзақ қашықтықтағы зымырандарды сатуға дайын екенін білдірген еді. Алайда Путинмен сөйлескеннен кейін АҚШ басшысы бұл мүмкіндікті "қайта қарастыруға болатынын" айтқан.

"Менің ойымша, президент Путин бұл соғысты аяқтағысы келеді", – деді Трамп Ақ үйде журналистерге берген сұхбатында.

Трамп кездесуде Украинаға жеткізілген қару-жарақтардың маңыздылығын атап өтті.

"Бұл — маңызды мәселе. Бізге Tomahawk керек. Сондай-ақ соңғы төрт жылда Украинаға жіберген көптеген өзге де қару қажет. Біз оларға көп нәрсе бердік", — деді Трамп.

АҚШ президентінің айтуынша, Украинаға қажетті қару-жарақ мәселесін Еуропа одағымен бірлесіп шешу керек, өйткені "бұл соғысты тезірек тоқтату – баршаға ортақ мүдде".

Зеленскийдің сапары тек әскери тақырыппен шектелмейді. Украина басшысы Ақ үйге энергетикалық әріптестік жөнінде ұсыныс алып келді. Украиналық шенеуніктердің айтуынша, Зеленский АҚШ-тың еуропалық нарықтағы энергетикалық ықпалын арттыру мақсатында америкалық сұйытылған табиғи газды Украина қоймаларында сақтау мүмкіндігін талқылауды ұсынған.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз