Аягөз ауданының 42 жастағы тұрғыны өз атына бірнеше банктен жалпы сомасы 5 460 мың теңгеге жуық онлайн несие рәсімделгенін анықтаған.

Полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру шаралары барысында аталған құқық бұзушылыққа 39 жастағы әйел адамның қатысы бар екені белгілі болды.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті өзінің танысы болып табылатын ер адамның жеке деректерін пайдаланып, екі банктің мобильді қосымшалары арқылы аталған сомадағы несиелерді заңсыз рәсімдеген.

Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Абай облысы полиция департаменті азаматтарға өздерінің жеке деректерінің қауіпсіздігіне ерекше мән беруді ескертеді.

Жеке мәліметтеріңізді ешбір жағдайда үшінші тұлғаларға бермеңіз және онлайн қызметтерді пайдаланғанда барынша сақ болыңыз. Егер өз атыңызға заңсыз несие рәсімдеу немесе өзге де күмәнді әрекеттер байқалса, дереу полиция органдарына хабарласу қажет.

Өз мүлкіңіз бен жеке ақпараттарыңызды қорғау – әр азаматтың басты міндеті. Абай облысының полицейлері тұрғындарды алаяқтықтың алдын алу мақсатында сақтық шараларын қатаң сақтауға және киберқауіпсіздік ережелерін ұстануға шақырады.